YouTube арналарын монетизациялау саясаттары

Dream Track құралымен жасалған музыканы ұзақ форматты бейнеде пайдаланған кезде, бейне жарнамалардан немесе жазылымнан (YouTube Premium) түскен табысты бөлісу арқылы монетизацияланбайды.

2022 жылғы 10 наурыз: Ресейде Google жарнамалау жүйелері уақытша тоқтатылғандықтан, бұл елде AdSense, AdSense for YouTube, AdMob және Google Ad Manager қызметтерінде жаңа аккаунттар ашу қызметін кідіртеміз. Онымен қоса Ресейде тұратын жарнама берушілердің Google қызметтері мен желілеріндегі жаһандық жарнамаларын да кідіртеміз. Сол себепті Ресейдегі авторлар YPP бағдарламасына әзірше жаңадан тіркеле алмайды.

2022 жылғы 3 наурыз: Украинада жүріп жатқан соғысқа байланысты Ресейдегі пайдаланушыларға Google және YouTube жарнамаларын ұсынуды кідіртеміз. Сонымен қатар Ресейдегі көрермендердің барлық монетизация функциясын (арна мүшелігі, Super Chat, Super Stickers және мерч) пайдалану мүмкіндігі кідіртілді. Толық ақпарат.

2022 жылғы 25 ақпан: Украинадағы соғысқа байланысты Ресей Федерациясы мемлекеттік медиа арналарының YouTube-тегі монетизациясы кідіртілді. 

Біз жағдайды үнемі бақылап отырамыз және қажет болса, түзетулер енгіземіз.

2024 жылы сәуірде жаңартылды: авторларға қайталанатын және қайта қолданылған контенттің мағынасын түсіндіру үшін бағдарлама саясаттарындағы тіл жаңартылды. Қайталанатын және қайта қолданылған контент саясаттары өзгермеді.

YouTube-те пайда табуыңыз үшін арнаңыздың YouTube монетизация саясаттарын сақтауы маңызды. Оларға төменде берілген саясаттармен қатар, YouTube Қауымдастық қағидалары, Қызмет көрсету шарттары, Авторлық құқық саясаты, Құқықтарды пайдалану рұқсатына сәйкес түзету саясаттары және бағдарламамыздың саясаттары жатады.

Аталған саясаттар YouTube Partner Program бағдарламасына қатысатын немесе қатысуға ниет білдіретін барлық пайдаланушыға қолданылады. YouTube-те Shorts арқылы пайда табу үшін YouTube Shorts монетизация саясаттарын да ұстану қажет.

Жарнамадан пайда табатын барлық контентте жарнамаға қолайлы контент туралы қағидаларымыз сақталуы керек. Жанкүйерлердің қаржылай қолдауы функцияларынан табыс табу үшін жаңа пайдаланушылар жеке функцияларды қоспас бұрын, Коммерциялық өнімдер туралы модульді (CPM) қабылдауы керек. Жанкүйерлердің қаржылай қолдауы функциялары арқылы пайда тапқыңыз келсе, Коммерциялық өнімдерді монетизациялау саясаттарын да сақтауыңыз қажет.

Мұнда негізгі саясаттардың әрқайсысына қысқаша шолу жасалған. Әрбір саясатты мұқият оқып шығыңыз, себебі бұл саясаттар арнаның пайда табуға жарамдылығын тексеру үшін пайдаланылады. Тексерушілеріміз пайда тауып жүрген арналарда осы саясат талаптарының сақталуын үнемі тексеріп отырады. Саясаттарымыздың қолданылуы туралы толық ақпарат алыңыз.

Осы беттегі бейне термині Shorts бейнелеріне, ұзақ форматты бейнелерге және тікелей трансляцияға қатысты пайдаланылатынын есте сақтаңыз. Бұл саясаттар бейне көрсетілетін барлық жерде, соның ішінде көру бетінде (YouTube, YouTube Music немесе YouTube Kids беттерінде), YouTube бейне ойнатқышында (YouTube контентін басқа сайттарда ендіретін ойнатқышта) және YouTube Shorts ойнатқышында (Shorts бейнелерін көрсететін ойнатқышта) қолданылады.

Арнаңыздың тексерілетін бөлімдері

YouTube арқылы ақша тауып жүрсеңіз, контентіңіз түпнұсқа болуы керек. Яғни ол мына шарттарға сай болуы керек: 

  • Бейне – өзіңіздің жеке туындыңыз. Басқа біреудің контентін алсаңыз, оны өзіңіздікіне айналдыру үшін айтарлықтай өзгерту қажет.
  • Бір нәрсе қайталана бермейді. Контентіңіз тек көру санын көбейту мақсатымен емес, көрермендерді қызықтыру немесе білім беру үшін жасалуы керек. 

Тексерушілеріміз арнаңыз бен контентіңіздің саясатымызға сай екенін тексереді. Әрбір бейнені жеке-жеке тексермесе де, арнаңыздың мына бөліктеріне назар аударуы мүмкін:

  • негізгі тақырыбы;
  • ең көп көрілген бейнелер;
  • ең жаңа бейнелер;
  • көру уақытының ең үлкен пропорциясы;
  • бейненің метадеректері (соның ішінде атауы, бейне суреті және сипаттамасы);
  • арнаның "Ақпарат" бөлімі.

Жоғарыда тексерушілер бағалайтын контенттің санаулысы ғана берілген. Тексерушілеріміз арнаңыздың басқа да бөлімдерін қарап шығып, олардың саясатымызға сәйкестігін тексере алатынын ескеріңіз.

YouTube Қауымдастық қағидаларын сақтау

Бұл қағидалар YouTube-тің көрермендер, авторлар және жарнама берушілердің үлкен қауымдастығы болып қалуына көмектеседі. YouTube-тің барлық пайдаланушысы және жарияланатын әрбір контент Қауымдастық қағидаларын сақтауы қажет.

Монетизациялаушы авторлар осы қағидалардың жеке бейнелерге ғана емес, жалпы арнаға қолданылатынын білуге тиісті. YouTube Қауымдастық қағидаларын бұзатын контент монетизацияға жарамайды және YouTube-тен өшіріледі.
Бағдарлама саясаттарын сақтау
AdSense for YouTube бағдарламасы арқылы YouTube серіктестері бейнелерден тапқан пайданы ала алады. Бағдарлама саясаттарын және YouTube Қызмет көрсету шарттарын міндетті түрде сақтаңыз.

Қайталанатын контент

Бейнелерінің бір-біріне ұқсайтыны соншалық, көрермендерге олардың арасындағы айырмашылықты байқау қиынға соғатын арнадағы контентті қайталанатын контент деп айтады. Бұған бейнелер арасында айырмашылығы аз немесе мүлдем жоқ, белгілі бір үлгі бойынша жасалған сияқты контент немесе ауқымды түрде оңай көшірілетін контент кіреді.

Бұл саясат жалпы арнаңызға қолданылады. Демек, біздің қағидаларымызды бұзатын бейнелеріңіз көп болса, монетизация жалпы арнаңыздан өшірілуі мүмкін.

Монетизациялауға болатын контент

Монетизацияланатын контент көрермендерге көруге қызықты әрі тартымды болуы керек. Қарапайым көрермен арнаңыздағы бейнелер арасындағы айырмашылықты анық айта алса, контентті монетизациялауға болады. Көптеген арна контентті ұқсас үлгі бойынша жасайтынын білеміз. Әрбір бейненің мазмұны басқалардан өзгеше болуы маңызды.

Монетизациялауға болатын контент түрлері (аталғандармен шектелмейді):

  • кіріспесі мен соңы бірдей, бірақ негізгі бөлігі өзгешеленетін бейнелер;
  • әр бейнеде субъектінің белгілі бір қасиеттері туралы сипатталып, сонымен бір-біріне ұқсаған бейнелер;
  • ұқсас нысандардан кесіп алынған қысқаша клиптерді біріктіріп, олардың қалай байланысқанын түсіндіретін бейне.

Осы қағиданы бұзатын контент

Арнадағы контенттің бәрі бір-біріне ұқсас болса, YouTube-ке қызықты әрі тартымды бейнелер көруге келген көрермендердің көңілін қалдыруы мүмкін. Сондықтан бейнелері бір-бірінен аса ерекшеленбейтін арналар монетизацияланбайды. Басқаша айтқанда, арнаңызда белгілі бір үлгі бойынша жасалған және ауқымды түрде қайталанатын контент болмауы керек.

Монетизацияланбайтын контент түрлері (тізім толық емес):

  • бейне бойы сіз түпнұсқасын жазбаған материалдар (мысалы, веб-сайттардан немесе жаңалықтар фидінен алынған мәтін) оқылатын контент;
  • үн жоғарылығы немесе ойнату жылдамдығы өзгертілген, бірақ басқа сипаттары бойынша түпнұсқамен бірдей әндер;
  • ұқсас, қайталанатын контент немесе оқу-танымдық құндылығы төмен, түсіндірмесі немесе сипаттамалары аз мән-мағынасыз контент;
  • жаппай жасалған немесе бірнеше бейнеде бір үлгіні пайдаланатын контент;
  • сипаттамасы, түсіндірмесі немесе оқу-танымдық құндылығы жоқ немесе өте аз болып келетін слайдшоулар немесе ұзын мәтін.

Қайта қолданылған контент

Қайта қолданылған контент дегеніміз – YouTube-те немесе басқа онлайн дереккөзде бұрыннан бар контенттің бастапқы түрін өзгерткенімен, оған түпнұсқа түсіндірмелер, айтарлықтай өзгерістер енгізбейтіндіктен, оқу-танымдық не ойын-сауық құндылығы болмайтын контент. Қайта қолданылған контентті қайталанатын немесе басқа дереккөзден алынған контент (басқа веб-сайттардан бірегей немесе түпнұсқа контентті алып, өзіңіздікі деп жариялау) деп те атауға болады. 

Контентіңіздің қайта қолданылғанын анықтау мақсатында тексерушілеріміз сіздің контентті қалай жасағаныңызды түсіну үшін арнаңызды қарап шығады. Тексерушілеріміз арнаңыздың мына бөліктерін тексеруі мүмкін: 

  • бейнелер; 
  • арна сипаттамасы;
  • бейне атауы;
  • бейне сипаттамалары.

Қайта қолданылған контент саясаты бүкіл арнаға қолданылады. Қағидаларымызды бұзатын бейнелеріңіз болса немесе контентті сіз жасағаныңызды нақты анықтай алмасақ, монетизация бүкіл арнаңыздан өшірілуі мүмкін.

Монетизациялауға болатын контент

Көрермендерге пайда әкелетін түпнұсқа контент жасайтын авторларды марапаттағымыз келеді. Өзіңіз жасамаған контентке қызықты немесе ой тастайтын өзгеріс енгізсеңіз (төмендегі қағидаларымызға сәйкес), бұл контент қалай да түрленіп шыға келеді. Арнаңызға мұндай контент қосуға рұқсат беріледі, бірақ жекелеген бейнелерге авторлық құқық сияқты өзге саясат талаптары қолданылуы мүмкін. Демек көрермендер түпнұсқа бейне мен сіздің бейнеңіздің арасынан айтарлықтай өзгеріс байқаса, қайта қолданылған контентке рұқсат береміз.

Ескертпе: аталған контент түрлері қайта қолданылған контентті монетизациялау саясатын бұзбаса да, авторлық құқық сияқты өзге саясат талаптарының барын ұмытпаңыз.

Монетизациялауға болатын контент түрлері (аталғандармен шектелмейді):

  • сыни пікір айтылатын клиптер;
  • диалогі қайта жазылып, кадрдан тыс дауысы өзгертілген фильм көрінісі;
  • қарсыласты ұту үшін қандай іс-қимыл істелгенін түсіндіріп, спорт турнирін қайта көрсететін бейнелер;
  • бастапқы бейнеге пікір ретінде жасалған жауап бейнелер;
  • басқа авторлардың бейнежазбасына оқиға желісін және пікір қосып өзгерту арқылы жасалған бейнежазба;
  • Shorts бейнелеріндегі ремикстелген контентке өзгертулер енгізу, мысалы, біздің жинағымыздағы әнге түпнұсқа контентті қосу немесе өз контентіңізге басқа бейнелердегі түпнұсқа аудио немесе бейне сегментін қосу;
  • бейнеде негізінен оны жүктеп салған автор көрсетілетін контент;
  • авторы контентте көрінетін немесе контентке қалай қосқанын түсіндіретін басқа онлайн дереккөздерден қайта қолданылған контент;
  • айтарлықтай өңделгені және сіздің арнаңызға тән екені байқалатын, қайта қолданылған бейне контентінің үстіне аудио және визуалдық әсерлер қосып өңделген бейнежазба.

Осы қағиданы бұзатын контент

Біреудің контентін алып, оған аздаған өзгертулер енгізіп, оны өзіңіздің тұпнұсқа шығармаңыз деп атау осы қағиданы бұзады. Контенттің сізге тиесілі екенін анықтай алмасақ, оған қайта қолданылған контент саясатының ережелері жүруі мүмкін. Түпнұсқа контент авторынан рұқсатыңыз болса да, осы саясат қолданылады. Қайта қолданылған контент YouTube-тің авторлық құқық саясатынан бөлек реттеледі, яғни ол авторлық құқыққа, рұқсатқа немесе әділ пайдалану доктринасына негізделмеген. Бұл қағида контентіңіз бойынша мәлімдеме жасалмаса да, арнаңыз кейде қайта қолданылған контент қағидаларын бұза алатынын білдіреді.

Монетизацияланбайтын контенттің басқа түрлері (тізім толық емес):

  • сүйікті шоуыңыздың сәттерінен тұратын, бірақ түсіндірмесі жоқ не өте аз клиптер;
  • басқа әлеуметтік медиа веб-сайттарынан жинақталған қысқа бейнелер;
  • әртүрлі орындаушылар әндерінің жинақтары (сізде олардың рұқсаты болса да);
  • басқа авторлар көп рет жүктеп салған контент;
  • басқа адамдар жасаған контент жарнамасы (сізде рұқсат болса да);
  • басқа онлайн дереккөзден жүктеп алынған немесе айтарлықтай өзгеріс енгізбей көшірілген контент; 
  • көп жағдайда дауыстық түсіндірмесіз жасалған вербалды емес реакциялар арқылы көру санын жинайтын контент.
Балаларға арналған және отбасылық контент сапасына қатысты қағидалар
Біздің мақсатымыз — балаларға және отбасыларға YouTube-те қауіпсіз әрі пайдалы контент ұсыну, сонымен қатар платформаға жоғары сапалы контент жүктеп салатын авторларды ынталандырудың жаңа жолдарын табу.

Арнаңызда "балаларға арналған" контент болса, сол контенттің монетизация күйін анықтау үшін YouTube-тің балаларға арналған және отбасылық контент сапасына қатысты қағидаларын пайдаланамыз.

Арнадағы "балаларға арналған" контенттің сапасы төмен екені анықталса, ол YouTube Partner Program бағдарламасынан уақытша шеттетіледі. Егер жеке бейне осы сапаға қатысты қағидаларды бұзса, сол бейнеде жарнамалардың саны шектеулі немесе мүлдем болмауы мүмкін.

"Балаларға арналған" контент сапасын тексерген кезде, ерекшеліктер мен контекст маңызды. Нұсқаулар мен мысалдарды көру үшін балаларға арналған және отбасылық контент туралы кеңестер бетіне өтіңіз.

Монетизациялауға жарамды ету үшін сапа қағидаларын қолдану

Белгілі бір бейненің жалпы сапасына әсер ететін бірнеше төмен сапаға қатысты қағида бар. Біз әрбір қағиданы монетизациялауға жарамдылықты анықтаудың тұрақты факторы ретінде қарастырамыз. Балаларға арналған және отбасылық контентке қазіргі таңда қолданылатын төмен сапаға қатысты қағидалар төменде берілген. Уақыт өте келе сапаға қатысты қағидалар қатарын толтыра отырып, әрекет аясын кеңейтуіміз мүмкін.

  • Теріс әрекеттерді немесе жаман әдеттерді насихаттау: қауіпті әрекеттерді, ысырап етуді, қорқытуды, әділетсіздікті немесе адамдарды сыйламауды (мысалы, қауіпті пранкілер, денсаулыққа зиян тағамдарды тұтыну) насихаттайтын контент.
  • Шамадан тыс коммерциялық немесе жарнамалық контент: өнімдер сатуға немесе бренділер мен логотиптерді (мысалы, ойыншықтар мен тамақтарды) жарнамалауға көп көңіл бөлінетін контент. Бұған сонымен қатар шамадан тыс тұтынушылықты қолдайтын контент жатады. YouTube Kids-дің тым коммерциялық контенті туралы толық ақпарат алыңыз.
  • Оқу-танымдық құндылығы жеткіліксіз контент: атауында не бейне суретінде оқу-танымдық мәні бар екені мәлімделген, бірақ шынайы мазмұнды нұсқауы не түсіндірмесі жоқ немесе балаларға қатысы жоқ контент. Мысалы, атауда немесе бейне суретінде "түс үйретуге" немесе "сан үйретуге" арналған деп жазылғанымен, бейнеде жалған ақпарат беріледі.
  • Түсінуге қиын контент: дұрыс ойластырылмаған, біртұтас түсіндірмесі жоқ немесе мүлдем түсініксіз (мысалы, аудиосы анық естілмейтін) контент. Бейненің мұндай түрі көбіне жаппай шығару немесе автоматты түрде жасау нәтижесінде туындайды.
  • Сенсациялық немесе шатастыратын контент: жалған, әсірелеп айтылған, шындыққа жанаспайтын немесе пікірге сүйеніп айтылған және жас аудиторияны шатастыратын контент. Сонымен қатар мұндай контент қатарына "кілтсөздердің тым көп болуы" немесе балалар қызығатын танымал кілтсөздерді қайталап, өзгертіп немесе шамадан артық пайдалану кіреді. Кілтсөздер орынсыз да қолданыла беруі мүмкін.
Автордың жауапкершілігі
Арнаның және YouTube Partner Program бағдарламасының жетістігі жарнама берушілердің өз бренділерін YouTube контентімен байланыстыру дайындығына байланысты. Жарнама берушілерге деген сенім жоғалған кезде, ол барлық YouTube авторының табыстарына кері әсер етеді.
Қауымдастыққа теріс әсері үлкен, сорақы әрекетке жол бермейміз. Бұл саясат сізден көрермендерге, өзге авторларға және жарнама берушілерге YouTube-те және одан тыс жерде құрметпен қарауды талап етеді.
Осы саясатты бұзсаңыз, монетизация уақытша өшірілуі немесе аккаунт жойылуы мүмкін. Бұл ереже сіздің бұрыннан бар арналарыңызға, жаңадан жасаған арналарыңызға және сізді жүйелі түрде көрсетіп отыратын арналарға қолданылады.
Арналарыңыздың бірінде монетизация өшірілсе немесе арна жойылса, осы шектеулерді айналып өту үшін жаңа арна жасауға (немесе бұрыннан барын пайдалануға) немесе уақытша тоқтату кезеңінде оған байланысты арналармен YPP бағдарламасына өтінім беруге болмайды. Мұндай әрекет барлық арнаның жойылуына әкелуі мүмкін.
Автордың жауапкершілігі туралы толық ақпарат.
Автордың адалдығы

YouTube Partner Program бағдарламасындағы авторлар өздерін шынайы таныстырып, платформадағы іс-әрекеттерді алдап басқару не алаяқтық жасау арқылы өздері туралы жалған ақпарат бермейді деп үміттенеміз.

Атап айтқанда, авторлар арнаның қызығу деңгейін (мысалы, көру санын, жазылымдар, лайктар санын, көру уақытын және жарнаманың көрсетілу санын) жасанды түрде арттырмауы тиіс. Сонымен қатар авторлар сәйкес емес контентті жоймас немесе бұлдыратпас бұрын, ол бойынша қызығу деңгейін ынталандырмауы тиіс. Мұндай әрекет нәтижесінде YouTube Partner Program бағдарламасы тоқтатылуы не арналарыңыз жойылуы мүмкін. Толық ақпарат алу үшін бағдарлама саясаттарымызбен таныс болыңыз.

Сонымен қатар авторлар пайдаланушыларды немесе YouTube-ті жаңылыстырып, теріс қаржы әрекеттеріне (мысалы, монетизация функцияларымызды заңсыз, алаяқтық мақсаттағы немесе алдау мақсатындағы транзакциялар үшін пайдалану) қатыстырмауы тиіс. Осы саясатты бұзсаңыз, YouTube Partner Program бағдарламасы тоқтатылады немесе арналарыңыз жойылады.

Саясатқа енгізілген өзгерістер туралы сізге қалай хабарлаймыз?

YouTube өзінің қызметін әлемдегі жағдайға бейімдеу арқылы әрдайым өзгертіп, жақсартып отырады. Осы көрсетілетін Қызметтегі өзгерістерді көрсету үшін немесе құқықтық, нормативтік себеппен немесе қауіпсіздік үшін оны пайдалану кезінде қолданылатын шарттар мен талаптарға немесе саясаттарға, оның ішінде Қызмет көрсету шарттарына, YouTube Partner Program шарттарына, біздің саясаттарымызға және басқа да келісімшарт құжаттарына өзгеріс енгізу қажет болуы мүмкін.

Сізге қатысты өзгерістер енгізілетін кезде, сіз жазбаша хабар аласыз. Өзгертілген шарттарға келіспесеңіз, тиісті функцияны пайдалануды тоқтатуға немесе бізбен арадағы келісімшартты үзуге болады.

Саясаттарымыз туралы хабардар болып отыру үшін жаңартулар журналын да үнемі жүргіземіз. Өзгерістер журналын осы жерден көре аласыз.

YouTube монетизация саясаттарының сақталуын қалай қамтамасыз етеміз?

YouTube-те пайда табатын барлық пайдаланушы YouTube арналарын монетизациялау саясаттарын сақтауы керек. Саясаттардың бірін бұзсаңыз, YouTube төмендегі шараларды қолдана алады.

Пайданы не төлемді ұстап қалу, түзету, бұрынғы төлемнен өндіріп алу немесе болашақ төлемнен өндіріп алу

Сізге YouTube арнасын монетизациялау саясаттары бұзыла отырып түскен барлық пайданы ұстап қалуымыз немесе түзетуіміз мүмкін. Сонымен қатар тиісті пайданы әлі төленбеген AdSense for YouTube балансынан бұрынғы төлемнен өндіріп алуымыз немесе сізге төленуге тиісті болашақ табыс есебінен осындай соманы болашақ төлемнен өндіріп алуымыз мүмкін.

Саясатты бұзу арқылы алынған пайданы ұстап қалу, түзету немесе болашақ төлемнен өндіріп алу қажеттілігін анықтауға біршама уақыт кетеді. Осыған байланысты төлем 90 күнге дейін немесе үшінші тарап құқықтарына қатысты даулар шешілгенше кешігуі мүмкін.

Пайдаңызды ұстап қалу немесе түзету қажет болатын ереже бұзу жағдайлары (бұлармен шектелмейді):

Арнаңыз YouTube Partner Program бағдарламасынан шеттетілсе немесе уақытша шығарылса, бұдан былай ешқандай табыс таба алмайсыз. Сонымен қатар орынды және мүмкін болған жағдайда, YouTube пайдаңызды ұстап қалып, жарнама берушілердің немесе көрермендердің сатып алуға жұмсаған ақшасын қайтарып беруге құқылы.

Саясаттардың сақталуын қамтамасыз ету қажет болғанда, электрондық мекенжайыңызға хат жібереміз немесе өнімде хабарландыру береміз. Сонымен қатар сізге мәселені шешудің қолжетімді жолдарын хабарлаймыз.

Бейнелердегі жарнамадан түсетін табысты шектеу

YouTube Partner Program бағдарламасының мүшесі ретінде жарнамадан табыс алуға жарамды бейнелер жасай аласыз, бірақ олар жарнамаға қолайлы контент туралы қағидаларға сай болуы керек. Бейнелер жарнамаға қолайлы контент туралы қағидаларға сай келмесе немесе басқа саясаттарды (мысалы, жас шектеуі талаптарын немесе авторлық құқық қағидаларын) бұзса, бейнелеріңізде жарнамадан түсетін табыс шектеулі болуы немесе мүлдем болмауы мүмкін.

Контенттің монетизациялауға жарамды болмауының себептері туралы толық ақпарат алу үшін келесіні қараңыз: YouTube Studio қолданбасындағы монетизация белгішесі туралы нұсқаулық.

YouTube Partner Program бағдарламасынан уақытша шығу

YouTube арналарын монетизациялау саясаттарын бұзу нәтижесінде монетизация аккаунттарыңыздың бәрінде не кейбірінде уақытша тоқтатылады немесе мүлдем өшіріледі. Арнаңыз бұдан былай монетизациялауға жарамаса, YouTube Partner Program бағдарламасымен байланысты барлық монетизация құралын, функциясын және модулін пайдалану құқығынан айырылады. Сонымен қатар Авторларға қолдау көрсету орталығына хабарласып, белгілі бір монетизация модульдерінен бас тарта аласыз.

Деректерді сақтау

YouTube-пен арадағы монетизация туралы келісім жойылса да, Авторларға қолдау көрсету орталығына хабарласып, бағдарламаға мүше болған кезеңдегі YouTube Analytics деректерін сұрай аласыз.

Уақытша тоқтату, соның ішінде ақауларды жою кеңестерін және бағдарламаға қосылуға қайта өтініш беру туралы қосымша ақпарат алу үшін келесіні қараңыз: Арнамда монетизация өшірілген.

YouTube арнасының жұмысын уақытша немесе мүлдем тоқтату

Платформа тұтастығын сақтау немесе пайдаланушыларымызды залалдан қорғау үшін ерекше жағдайларда арнаны, аккаунтты тоқтату немесе пайдаланушыны осы Қызметті пайдалану мүмкіндігінен айыру қажет болуы мүмкін. Арнаның жұмысын тоқтату және өшірілген Google аккаунттары, соның ішінде арна не аккаунт қателік нәтижесінде тоқтатылғанда орындалатын қадамдар туралы толық ақпарат алыңыз.

Монетизацияға әсер ететін шаралар туралы сізге қалай хабарлаймыз?

Саясаттардың сақталуын қамтамасыз ету қажет болғанда, электрондық мекенжайыңызға хат жібереміз немесе өнімде хабарландыру береміз. Сонымен қатар сізге мәселені шешудің қолжетімді жолдарын хабарлаймыз.

Сізге әсер ететін мәселелер бойынша көмекті қалай аласыз?

YouTube Partner Program бағдарламасына мүше болсаңыз, авторларға қолдау көрсету ұжымына жүгіне аласыз.

Белгілі бір мәселе туындаса немесе YouTube-ті автор ретінде барынша тиімді пайдалану жолын білгіңіз келсе, келесі сұрақтар бойынша көмектесуге әрқашан дайынбыз:

  • YouTube-ті пайдалану жолын оңтайландыру;
  • Analytics құралдарын барынша тиімді пайдалану жолдарын түсіну;
  • YouTube-тің техникалық немесе қызметтік аспектілері бойынша кеңес алу;
  • саясат пен авторлық құқық қағидаларын оңай табу;
  • аккаунтты және арнаны басқаруға қатысты сұрақтарға жауап алу;
  • Content ID және құқықтарды басқару мәселелерін шешу;
  • аккаунтыңызға қатысты ақауларды жою және қателер мен мәселелерді шешу.

Толық нұсқаулықтарды Авторларға қолдау көрсету орталығына хабарласу және YouTube авторы ретінде көмек алу арқылы таба аласыз.

Пайдалы болды ма?

Біз оны қалай жақсарта аламыз?
Іздеу
Іздеуді өшіру
Іздеу терезесін жабу
Негізгі мәзір
10902471686161005658
true
Іздеу анықтамалық орталығы
true
true
true
true
true
59
false
false